ПАСПОРТ

lat: PASPORT

[франц. passeport]зат. Төлқұжат. 1. Жеке адамның аты-жөнін және тұрақты тұрғын орнын куәландыратын ресми құжат.

Ол әйелдің алдына мөр басып, қол қойылған жаңа паспортты тастай салды (К.Тоқаев, Тасқын).

Сынық қыз сәл мұңайып, қысылды, Ол паспортын қарт ұстаға ұсынды. Ұста паспорттан өзінің есімін көрді, Есіне алды жорықты, есіл күндерді... Қара свастика, қырғын, үміт... Ол өлім ордасының есігін көрді... (М.Мақатаев, Шығ.).

Кәмелетке толған жастарға паспортты салтанатты түрде табыс ету тұрмысымызға берік енді («Қаз. әдеб.»).

Паспортыңыз жоқ болса, басқа бір документіңіз бар шығар? (С.Сейітов, Сөз сұрайды.).

2. Кәсіпорын, ғимарат, түрлі көлік құралдары, тұрмыстық құрал-жадбықтар туралы негізгі мәлімет жазылған тіркеу құжаты.

Балық шаруашылығы суларының паспорты болады (Т.Тілеуғалиев, Балық.).

Мұнда әрбір егістік жердің паспорты бар («Соц. Қаз.»).

Жеңіл машинаның техникалық паспортын алып, тілхат тастап кетті («Соц. Қаз.»).