lat: PENDE
[ир.]зат.1. Тірі жан, адам, адамзат.
Аңқылдаған адалдың Болмайды ма мұраты?! Адам дейміз! Адамның Пенде емес пе бір аты?! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).
Көшке ерген жұрттың көңіл-күйін дәл шерткендігінен бе, тірі пенде оның әнін бұзар емес (І.Есенберлин, Шығ.) .
Білімдіге білімсіз бағынбай ма? Іздесе, пендеге жол табылмай ма? Ақты қойып, арамды әдет етсек, Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Мың сом! Бір мың сом! Қандай нәсіп! “Біреу өлмей, біреу күн көмейді” деген осы. Мың сом менің қолымда, қалғанын бір пенде білмейді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2.діни.Құдайдың құлы.
Дүниеде құдай күшті. Құдайдан соң патшаның әмірі күшті. Оның құрығынан құтылатын пенде болмайды (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Қорықпаймын жас күнімде өлемін деп, Айтамын бір Ләйлі үшін көнемін деп. Бір алла рахметіңмен уағда қылдың, Пендеме, шын тілесе, беремін деп (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Пендесі хақ жаратқан емес бірдей, Хан, қара, би, төре мен кәрі-жас та Намысы бөріктінің бір деген бар, Білсеңіз, сізге ұят, бұл рас па? (М.Дулатов, Шығ.).
3. Алланың құлы.
Өзімнің есіткенім осылай-ды, Байтақ жұрт патшаға құл басыбайлы. Бай болмақ, жарлы болмақ бір құдайдан, Пендені жалғыз Алла асырайды (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).