lat: PESH
зат. 1. Тамақ пісіруге, үй жылытуға арналған кірпіштен, темірден, шойыннан жасалған зат.
Тұрмыстық пештердің тамақ пісіруге арналған қазандығы және үй жылытатын қалама бөлігі болады (ҚСЭ).
Ерік етігін шешіп тастап, пеш түбіндегі орындықта арқасын қыздырып маужырап отыр (О.Бөкеев,Ұйқым келмейді).
Екі бөлмелі жер кепе. Пеш ішінде сексеуілдің шоғы жайнап жатыр (Қаныш аға).
Сүтін жайлап, ілегенін төгіп, күлін шығарып, ыдыс-аяғын жуып болған соң, Алтынай пештің түбіндегі шекпен жапқан қара аяққа ұн салып алып, жүресінен отырып, тоқыраңдап бауырсақ иледі (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2. Ерітінділерді буландыруға, материалдарды қыздыруға, балқытуға, металл қорытуға пайдаланылатын өнеркәсіптік орын.
Арнайы әдістермен қыздырылатын пештер (плазмалық пеш, оптикалық пеш, гелио пеш т.б.) де бар. Кейбір пештерге оларды жасаушы өнертапқыштардың есімі берілген: мартен пеші т. б. (ҚСЭ).
Үлкен цех, әр жерде алып пештер жалын атады (Ұ.Бағаев, Жан.).