ПАРАЛЛЕЛЬ

lat: Paralel

зат.1.мат. Қатарынан жарыстыра сызылған қос сызық.

Тек Насыреддин Туси өзінің параллель түзулері жайлы еңбегінде әл-Жаухаридан үлкен үзінді келтіреді (А.Көбеев, Сөнбес.).

Параболаның осі Х осіне параллель де, ал параболаның осы У осіне параллель келеді (О.А.Жәутіков, Жоғары матеамтика.).

Дайкалар қабырғалары біршама параллель болып келген жарлықтарды магманың толтыруы нәтижесінде қалыптасқан, белгілі бағытта созылған құлама тік немесе тіктеу келген магмалық дене (К.Сапарбайұлы, Геология.).

2. геогр. Жер шары картасында экватормен қатарластыра сызылған сызықтар.

Дақтар көбінесе күн экваторының екі жағында 45°-тық параллельге шейін байқалады да, одан әрі кездеспейді (Х.Әбішұлы, Халық астрон.).

Қиыр Шығыстың түзу сызық бойымен солтүстіктен оңтүстікке дейінгі және 60° параллель бойынша батыстан шығысқа қарай ұзындығын анықтаңдар («Қазақст, мект.»).

Вьетнамның астанасы, кейде едәуір кешігіп қалғанына қарамастан, 20 параллельден оңтүстікке қарай орналасқан аудандардағы барлық оқиғалардың егжей-тегжейін үнемі біліп отырады («Соц. Қаз.»).

3. Бірнәрсеге тең, бара-бар, қатар.

Жиырма шақты ғана оқушымыз. Бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші параллель оқиды (А.Жұмаділдин, Сең.).

Бір ғана оқушы болса, онда жеке тапсырма бойынша параллель қайталау жүргізіліп отырады («Қазақст. мект.»).

Мұнда үлкен ақындық параллелдер бар Гейн Рейне, Тара Днепр, Пушкин Еділ (С.Қирабаев, Октябрь.).