ПАРТИЯЛАС

lat: Partıalas

сын.1. Бір партияға кіретін.

Қатал Нагульнов партиялас жолдасының қамын жейді, оны туысындай көреді (I.Омаров, Шабыт.).

Бәйкен күрес жолы бір, партиялас жолдастарының жанында екі-үш ай бірге болды да, март туа Арқадағы елге қайттық (Б.Тоғысбаев, Асыл.).

Жұрттың рәсімінен істі қарағанда табан тірерлік жол таба алмай, орыс законын білмей, народный судья ақылына салынып істі тексермей, партияласының ыңғайына қарап билік айтады (А. Байтұрсынұлы, Жаңа низам.).

Оның партиялас серіктері қарапайымдау болса да табанды жетекшімен жұмыс істеу, босбелбеу интеллектуалмен істес болғаннан әлдеқайда жеңіл деп мойындайды («Жұлдыз»).

2. Жақтас, топтас.

Ол менің партиялас, таптас, қандас, қарулас, бауырлас туысым (С.Мәуленов, Жер.).

Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп, басын, аулын, қатын-баласын сатып жүр (Абай, Тол. жин.).