ҚАСҚЫР

lat: QASQYR

зат. 1. Мал, аң етімен қоректенетін жыртқыш аң.

Өте алыстан, әлдеқайдан, ұлыған қасқырдың үні естілді (4,198).

Жұтынған құмарыңды жояр алдап,

Жалт беріп сайқал түлкі қояр арбап.

Сонардан қасқыр да емес, түлкі де емес,

Қайтасың бірді-екілі қоян аулап (3,147).

2. ауыс. жағымды.Қорықпайтын, батыл, өжет.

Қапыда кейде қан құсып,

Қасқырмын дедім, қасқырмын!

Кеудеме мына нан пісіп,

Басыммен барып тасты ұрдым (2,190).

Бір жылға тең боп бір күнің,

Санасыз, ойсыз мас қылдың.

Мінезін бермей түлкінің,

Жүрегін бердің қасқырдың (2,190).

3. ауыс. Жағымсыз, жауыз, жалмауыз, озбыр; мейірімсіз, қайырымсыз.

Әуелден сырларыңды ала алмағам,

Сол үшін торларыңа арандағам.

Айламен алуға бар, беруге жоқ,

Жанкешпе қасқырсыңдар жалаңдаған (1,70).

Мейірім бер,

Мейірім бер, жүрегімді тас қылма,

Үйдегі Ана мейірін бер түзде жортқан қасқырға.

Сенесің бе, сезесің бе?

Сенің үшін бас құрбан,

Естілмеген әніңмін мен алты қырдың астынан (3,43).