lat: RÝHANI
сын. 1. Адамның ой-санасына, іші дүниесіне байланысты, соған қатысты.
Саяси тегеурінді, рухани әлеуетті, үлкен өмір мектебінен өткен, коғам дамуының әр саласының даму, өсу заңдылықтарын терең білетін үлкен ақыл-ой иелері, кемел саясатшы парламентшілер М.Оспанов, Ө.Жолдасбеков, Қ.Тұрысов, Ж.Әбділдин, С.Әбділдин, Ә.Кекілбаев, А.Айталы, Ж.Тұяқбай сынды әр мәселеде өзіндік позициясы, пікірі, айтары ұстанымы, тіпті кейде өзгеше көзқарасы бар тұлғалар тұрды (“Егемен Қазақстан”).
Жаңа формация мұғалімі дегеніміз, ол – педагогикалық құралдардың бүкіл әлеуетін меңгерген, өзін өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын рухани дамыған, әлеуметтік жағынан жетілген шығармашылық тұлға білікті маман. Еліміздің мақсаты өзін өзі дамытуға және өзін барынша көрсетуге қабілетті жоғары сауатты шығармашыл тұлғаны қалыптастыру және дамыту болып табылады (“Егемен Қазақстан”).
2. Жан дүниелік.
Әлемге әйгі есімің, Киелі алтын бесігім. Құт байлансын сенің асыл даңқыңа. Ер түрік белін буғанда, Ер қазақ қайта туғанда Рухани астанам боп жарқыра (К.Салықов, Жезкиік.).
Осы жоғарыда көрсетілгендей, бұрынғы тұрмыс-салтының, рухани мәдениетінің иісі бар өлеңдер «Қобыландының» 47, 48, 52, 53, 54, 55, 60, 64, 70, 80-нші беттерінде бар (Ә.Бөкейханов, Шығ.).
Түркістанның рухани, саяси болашағы Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр (М.Шоқай, Таңд.).
Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзіміздің бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Петроградта оқып жүрген жастарды біріктіріп, жаз Сібірге қайтқанда қарап жүріп ғұмыр өткізбеңдер деп, әр қайсысының өзінің сүйген ғылым жолымен сібірді ізденіп, оқып, рухани міндет жолына тартыңдар деп, лекция оқып, программа жазып беріп, жастарға жоғалмас жол көрсетті (Ә.Бөкейханов, Шығ.).
// Зиялылар. Алдымен руханилар мен зиялылар пікірі екіге айырылды (М.Дулатов, Шығ.).