СӘУІР

lat: SÁÝİR1

ар.зат.1. Жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айдың арабша аты, көкек.

Бәйшешек атқан сәуірі, сиқырлаған қарлы суық қаңтары бар (М.Әуезов, Қараш.).

Мұхтар аға Үшкөкше жалдарының аясында жатқан осы бір көгілдір көркем көл жағасына сәуір айының соңғы қоңыр кештерінің бірінде келіп еді (Е.Тұрысов, Құралай.).

Сәуір айындағы қыр жерінің құлпырған көрінісін көз алдыңа келтіргендей (Ә.Әлішев, Батыр.).

2.этн. Жер қарайып, күн жылынған, жылы жаңбырлар маусымына шақ келетін көктемгі амал.

Сәуір болмай тәуір болмас (Мақал).

Сәуірдің қара бұлты

Жауарында ойнаған.

Күннің түссе шұғыласы,

Қара жер балқып қайнаған (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

3. Сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі жел.

Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,

Ажырасқанды жүреді қайта қосып.

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша! (Т. Айбергенов, Мен саған.).