СӘУЛЕ

lat: SÁÝLE

зат.1. Шашырап түскен жарық, нұр.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп (Абай, Тол. жин.).

Жаңа шығып келе жатқан күн сәулесі терезеден еденге түсіп тұр (Қ.Исабаев, Соңғы.).

Ай жарқыраған сәулесін әлемге төгіп, жүзіп барады (Л.Құрманаева, Өшпес.).

Қақпақ саңылауынан ақ жіптей болып, сәуле түсіп тұр. (Ә.Сараев, Тосқауыл).

2.физ. Бойымен нүктелік жарық көзінен немес дыбыс көзінен шыққан энергия ағыны таралатын сызықты көрсететін геометриялық оптиканың және геометриялық акустиканың ұғымы Біртекті ортада сәуле түзу бойымен таралады (ҚҰЭ). Оптикалық қасиеттері бірқалыпты өзгеретін ортада сәуле жолы қисаяды (ҚҰЭ).

2.ауыс. Бір нәрсенің жылт еткен нышаны, елесі. Сен мынау еліңе білім сәулесін жеткіз (С.Бегалин, Шоқан асу.). Баланың қара көзінде қуаныш сәулесі жылт етті (М.Сүндетов, Құмда.).

Жігіттің көңілінде үміт сәулесі қылаңдап, қара торы жүзінде әсерлі бір толқын білінді (Н. Ғаббдуллин, Өмір күйі).

3.ауыс. Жете, түйсік, сана, ақыл, ой. Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шам-данбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,Сәулесі бар жігіттер бір ойланар (Абай, Тол. жин.).

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел, талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен Соны білсең, әрнені білгендерің (Абай, Тол. Жин.).

Толқындап жатқан егінді көрсек даладан, Тебіренеді жүрегінде сәуле бар адам. Ұшы-қиырсыз күзгі егінді даламыз, Дөп-дөңгелек айны-маған сары таба нан («Қаз. әдеб.»).

4.ауыс.Зор тұлғаның, білімді, өнегелі адамның үлгісі. Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз Абай. (М.Дулатов, Шығ.).

5.ауыс.поэт. Сұлулық, көрік, жарқыраған әсемдік. Күн батып жоғалды Нұрыңнан ұялып, Жұлдыз бен ай қалды Сәулеңнен нәр алып. Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр, Бәрі де сені ойлап, Мас болып сандалып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Екеуі жатса лабақта, Ай тумас жақтан ай туды, Күн тумас жақтан күн туды Бұл несі деп қараса, Қара тамды ағартқан Қарлыға қыздың сәулесі (Қобыланды).

6.ауыс.Тығырықтан шығу жолы, ақ, адал жол, тура жол. Адам баласы үшін құтылу жолы тек қана Құранға үйлесуде. Құран бір сәуле, нұр, білім және туралықтың бұлағы (Ислам энқикл.).

7.ауыс. Бағыт, нысана. Көк тұман алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ көзім талған (Абай, Тол. жин.).