lat: SÁÝLET
зат.1. Қуат, күш, айбындылық.
Батыр – елдің сәулеті,
Балқұрақ - көлдің сәулеті (Мақал).
Дәулет,сәулет, сән-салтанат бәрі сай.
Күйлі, нұрлы, туған елім – кең сарай.
Шалқы – дария, жүрек күйге шомыласың.
Айдын көлде жүзген ерке аққудай (Қ.Аманжолов).
Кешегі қайран сәулетің,
Толықсыған дәулетің,
Кең несібе нәубетің,
Береке, бірлік, ұйытқылы
Басыңнан кетіп жүйіткіді
Қайта айналып келмейді,
Іздегенмен саған жоқ (Дулат Бабатайұлы, Замана.).
Шөгеді бәрі, Шөгеді бәрі, Шөгеді.
Шағылдар анау – кешегі шалғын шөп еді.
Сәулетіңді де, Дәулетіңді де көрген жұрт
Шылыммен қоса азабыңды да шегеді (Қ. Мырзалиев, Мәңгі майдан).
2. Сән-салтанат, көрік, безендірілген бағалы сәнділік. Тұрмыс жаман болмағанымен, менің үйімдегідей сәулет, молшылық оларда жоқ (Ө.Қанахин, Жер. бас.).
Үш этажды үлкен ақ үй Гагарин поселкасына сән-салтанат, сәулетберіп тұрғандай (Ж.Қожабергенов, Құрылысшы.).
Көргеннің көзі тойғандай,
Топты ортадан ойғандай,
Сәулетіңнің сағымы Бұтағына шынардың
Күнді әкеп іліп қойғандай
Сәндісің, жаным, сәндісің,
Сән салмақ сені азапқа (Дулат Бабатайұлы// Замана.).
3. Жарасым, келісті көріктілік, салтанаттылық, әсемпаздық, сырбаздық.
Кіргізді Гүлғасылды қаласына, Қасына мың жария нөкер еріп. Жүрісті ханышалар сәулетпенен, Айта алмай тамашаның бәрін теріп (Ә. Найманбаев, Шығ.). Ол сыпайы ат мініп, оқалы тон киіп, аста, тойда сәулетпен жүрді (К.Әзірбаев, Аңыз.).
4.өнер.құр. <лат. architectures> Адамдардың өмірі мен тіршілік қарекетіне қажетті материалдық тұрғыда ұйымдастырылған орта құрайтын ғимараттар мен басқа да құрылыстар;
арналу мақсатына, қоғамның техникалық мүмкіндіктері мен эстетикалық көзқарас-талғамдарына сай келетіндей ғимараттар мен олардың кешендерін жобалау және салу өнері.
Батыс Қазақстандағы шағын пішінді сәулет үлгілерінің ішінде ерекше назар аудартатыны – бірегей өңделген құлпытастар, атап айтқанда, тұғыр-тағандары бар түрлері (Р.Бекназаров, Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері).
Өз бетінше құрылыс салып жатқан, қала құрылысы тәртібін,сәулет саласы бойынша қолданылып жүрген заңнаманы бұзған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізілді («Алащ айнасы»).
Сәулет құрылысының негізіне қазақтың классикалық мұрасы алынған. Республика Сарайы – Республиканың ең басты конқерт алаңы. Сәулеті ерекше әсем, құрылыстар, гүлзарлар мен фонтандар, Абай ескерткіші топтасқан бұл ғимарат - қала тұрғындарының демалатын орнына да айналған («Ана тілі»)
5. Көзтартар әсемдік, еліктірер қызық, думан, таңсық дүние. Қаланың сәулетіне қызықпады, Кеш жатып, ерте тұрып, аз ұйықтады. Сабағын жаттауға да бейім болып, Бойына жалқаулықты жуытпады (О. Шипин, Дастан.).
Бұ Қарқаралы көрмеген сәулет қой … – десіп, Бурахат, Төленберділер де сүйсіне сөйледі… (М.Әуезов, Абай жолы).
Білгенге, ден саушылық – дәмді дәулет, Мал-дүние, бақ-дәреже – жалған сәулет.«Өмірге тойдым» деген ешбір жан жоқ, Кеңшілік - аларманы, берсе мәулет (О. Шораяқов, Шайыр.).