СӨЗ

lat: SÓZ

зат. 1. Белгілі бір мағынасы бар заттар мен құбылыстардың атауын білдіретін тілдің негізгі единицасы.

Айтылуда метр деген де, литр деген де екі буынды сөз (Қазіргі қаз. тілі).

Әр ұғым жеке сөздерден тұрады. Сондықтан ұғым мен сөз бір деуге болады (М. Мұқанов, Пед. очерк.).

Ауыздан шыққан мағынасы бар дыбыстың бәрін сөз дейміз; әдебиет әдеб деген сөзден алынса да, бұл уақытта мағынасы тереңдеп, күллі сөйленіп жүрген сөзді сіңіріп бара жатыр (Абай журн.).

Қазақ әдеби тілінің баюында термин сөздердің атқаратын ролі зор («Қаз. әдеб.»).

2. Бір нәрсе жайында айтылған әңгіме.

Айта жүрсін сөзімді Әңгіме ғып маңайым (Жамбыл, Шығ. жин.).

Нұрлан қол беріп амандасып, өзінің қайдан келе жатқанын сөз етіп, екеуі сыртта азкем тұрып қалды (3.Шашкин, Сенім).

Е, иә, иә, сол жиындарда не сөз болады екен, алдымен соны айтшы? (А. Жүнісов, Өмір.).

Сөйледі Ғали мырза жігіт жайын,

һәркімнің халі өзіне тұрар дайын,

Қыздарды жігіттермен салыстырып,

Тыңдаңыз, мен азырақ сөз қылайын. (М.Дулатов, Шығ.).

Ия, маған бүгін Әр қозғалыс, әр сөздің сәті түсті, Мен шабытыма еркін түсіп кеттім; Қорғалақ жадым туғызған жоқ, Сөз бейне бір жүрегімнен құйылды.., (Ж.Аймауытов, Шығ.).

3. Жиналыста көпшілікке қаратыла айтылатын пікір, мәлімдеме, деректі ақпар.

Президиумның құрметті мүшелері сайланып болғаннан кейін облыстық партия комитетінің бірінші секретары қысқаша сөз сөйледі (М. Дүзенов, Әке.).

Сөз сөйлеу өнер. Сөйлер аудитория, шығар мінбе қандай, осыны ескерген жөн (К. Қазыбаев, Дәуір.).

4. Әнге арналған өлең тексі.

Ән сөзі әр кімге аудармасызақ түсінікті сияқты (С. Сейітов, Сөз сұра.).