lat: SÚIEK
зат. 1. Адам мен хайуанаттар денесінің қаңқасы.
Сүйегі жоқ, тіске жұмсақ болған соң, һәр кім жейді біздің қазақ баласын. Аз емеспіз, алты миллион халықпыз. Әлхәмдуллила надандыққа ғарықпыз (М.Дулатов, Шығ.).
Ол тарихта бірінші болып жабайы адамдардың бас сүйегін, миын зерттеп, олардың аң түсті адамдардан ешқандай айырмасы жоқ екендігін дәлелдеді (Н. Баяндин, Геогр. ашу.).
«Айтайын мен бір ақыл сен балаға,
Қаңғырма сүйек үшін құр далаға.
Үйтастың маңайында бір қорым бар,
Көміпті жаназасыз сол араға» (Ш. Құдайбердиев, Шығ.).
Жас төлдің азығында кальқий мен фосфор сияқты минералды заттар жетіспесе, онын сүйегі жұмсарып, аяғы қисайып, рахит ауруына шалдығады (Ш.Қалықов, Қой мен ешкі).
Киіз басуға қажетті, қазақы қойдың күзем жүнінің табыла бермейтінін, киізге ақ реңк беретін және нығарлауға бірден-бір құнды материал - сүйек үгіндісінің, бордың, кереге көктеуге лайық таспа тілетін терінің, ағаш құрастырмаларын сырлауға қажет болатын бояудың, балық желімінің жетісі бермейтіндігін айтсақ киіз үй мәселелері күрделене түседі. (Ө.Жәнібеков, Жолайрықта).
2.ауыс. Өлген адамның денесі.
«Көлік пен кісі әкелем үйден барып,
Қайтамын Томан менен баламды алып.
Сүйегін Айсұлудың тастамаймын,
Қоямын жаназалап елге апарып». (Ш. Құдайбердиев, Шығ.).
– Әкемнің сүйегін алып қайтуға шамамыз келмей, қарға-құзға жем болмасын деп, төбеге жерледік («Лен. жас»).
Чехтар өз ұлтының мәдениет тарихын, бұдан 25 мың жыл бұрын өлген әскери қолбасшының сүйегін, оның әшекейленген қару-жарақтарын сақтай білгендіктерін дәлелдейді (М. Мағауин, Ақша қар).
Қай дума, комиссия болса-дағы,
Бұған закон сұраймыз төрелесіп.
Жетпіс екі милләтте жол бар ма екен
Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп? (М.Жұмабаев, Шығ.).
3.ауыс. Ата-тек, ру.
– Сүйегің қай ел? –деді келіншек. – Қарқаралы дуанына қараған арғынмын (I. Жансүгіров, Шығ. жин.).
– Балам, өзіңнің сүйегің кім? – деді шал сөзін маған арнап (Ө. Қанахин, Жер бас.).