СУДЫРА

lat: SÝDYRA

ет. 1. Сыбдырау, сылдырау.

Фекла қурап тұрған шөптің етегін, борсыған, қоңырсыған қиқымды ақтарып жүр. Қызыл иегіне жабысып қалған ерні қолындағы қу шөптей судырап (М.Жұмабаев. Шығ.).

Желді күні жайқалып

Судырайды жас құрақ (С. Сейітов, Жаңғырық).

Зәулім теректің теңге жапырағы үздіксіз судырайды («Білім және еңбек»).

«Ашшы бетін!» деген бір үкім дауыс шыққанда, желегін бір қыз ашады. Ақбілектің келбеті ай мен күндей. Қатындар таң қалады: «Көп жаса! Отыра ғой шырағым!» дегенде, Ақбілек жібек көйлегін судыратып отырады… (Ж.Аймауыт, Шығ.)

2. ауыс. Құрғақ бос сөйлеу, жылпылдау.

Қызыл сөзбен ңұр судырайды (О. Сәрсенбаев, Сағым).

Әбіште құт жоқ, зәре жоқ. «Әлхямді» құлқиуалладан» қайран болмаған соң, Әбіш жандәрмен тізесінің астында жатқан балтаны ала ұмтылады. Сол уақытта үш әйел күбір-күбір сөйлескендей болып, судырап үйден шыға жөнеледі. (М. Жұмабаев, Шығ.).