lat: SAÝAP
зат.
1. діни. Ислам дінінде жасалған игілікті іс, ғибадат үшін Алла тағала тарапынан берілетін сый.
Сауап тек діни ғибадатқа ғана емес, тіршілікке байланысты игі істердің барлығына да берілетіні жайлы «дүниелік сауапта, ақыреттік сауап та Алланың қасында» деп баяндалады (ҚҰЭ).
Оразаның сауабын Алланың өзі береді (Ислам энқикл.).
Құдай бір, пайғамбар хақ, бек нанамын,
Бұқарға Хиуамен көп барамын.
Мешіттің ғалым ишан бәрін көрдім,
Білмесем мен сауапты неге барамын? (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).
Аятта айтқан: «Алла тағала пендесінің бір жақсылығына он есе сауап береді…» деген (Ш. Құдайбердіұлы, Мұсылмандық шарты).
2. діни. филос.
Ислам дініндегі обалға қарама-қарсы, ізгі, игі, адал, оң іс, амал-ниеттерді білдіретін маңызды категория.
Бірақ оқып білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес (Ш. Құдайбердіұлы, Мұсылмандық шарты.).
Енді солардың қайсысы сауап, қайсысы күнә, қайсысы пайда, қайсысы залал екенін Алла тағала адамның өзінен пайғамбар хабаршы жіберіп пенделеріне білдіргені анық ақылға дұрысы (Ш. Құдайбердіұлы, Мұсылмандық шарты).
Сауап – адамға, жануарға, табиғатқа жасалған жақсылық (Ислам ғылымхалы).
Сыйлап жазған сөз емес бір адамға,
Бахыс қылып жазбаймын мұны адамға.
Обал, сауап екенін айыра алмай,
Назым жазып беремін сұрағанға (Бабалар сөзі//Діни дастан)
3. Игілікті, жақсы іс үшін тиетін шапағат.
Адам мен адамды қосқанның сауабы бар, ар жағын түсінетін шығарсың (А.Жақсыбаев, Егес).
Әке-шеше боп, бауыр боп жабыла Жұмакенді жауыздықтан тыйсаң, елден қашып кеткеннен гөрі, соның өзі сауап шығар (Б.Нұржекеев, Күй.).
– Қарағымның мойнына қарыз ғып, өзі жинаған азнаулағын өзінің сауабынан аяйын деп отырғаным жоқ, – деді кемпір (М.Әуезов, Қараш.).