lat: SAÝSAQ
зат. 1. Қол басының алақанға қосылған салалы бес бөлігі.
Өз жаулығын өзі айырып, бес саусағын бетіне салып, ақсақ қатын ойбаймен үйді басына көтерді (Б.Майлин, Шығ.).
Көзіне қүйылған ащы терді күйелі саусағымен анда-санда бір іліп тастап, Балқия келе жатты (Ә.Әбішев, Замана.).
Бір қолда бес, екі қолда он саусақ бар екендігін, ал елуге-елуді қоссаң жүз болатындығын Махмет мүдірмей айтып берді (Ә.Нұршайықов, Батыр.).
2. анат <грек. phalanx>. Адамның және жер беті омыртқалы жануарларының қол-аяқтарының басындағы шағын түтік тірізді сүйектерден тұратын салалы сүйектері.
Адам қолының қаңқасы саусақтардың күрделі ұсақ сүйектерінен тұрады (Анатомия).
3. саят. Қыран құстың тұяқтары орналасқан аяғының басы.
- Е-е, аяққабын айтасыз ба? Түлкі деген пәле бұларға осал жау емес. Кейде оларға саусақтарын шайнатып алатын кезі де болады. Сондайда қоруыш болсын дегенім ғой (Тұрдақын Жексенбай, Саятта// «Қаз.әдеб.»).
Қырандардың желбесін құстарды қысып, бауырына басатын саусақтарының ішкі жағын саятшылар “шеңгел”, не “алақан” болмаса “табан” дейді. Олардың бұл жері күс-күс, шодыр, құж-құж көріністе болып келеді (Ә.Марғұлан, Саят құстары).
Қыран құстардың саусақтары сырт жағынан шодырайып, күс-күс болып тұрады. Оның үшеуі алға қарай бейімделе бітсе, енді біреуі артқа қарай бітеді. Қазақ саятшыларының тілінде оның алға қарай біткені – “жембасар”, артқа қарай біткені – “тегеурін” деп аталады (“Егемен Қазақстан”)