САБАН

lat: SABAN

1 зат. Дәнді және ірі бұршақты дақылдарды бастырғаннан кейін қалатын құрғақ сабағы.

Сабанның химиялық құрамы өсімдіктің түріне, климатқа, топыраққа және жинау тәсіліне, сақталу ұзақтығына т.б. факторларға байланысты (ҚҰЭ). Кеудеде от, іште жалын, көзде жас, Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.

Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы, Наны қара, шайы қара, қарны аш (М.Жұмабаев, Шығ.).

Бір Өгіз күні бойын тартып сабан, Қайтты елге сабанымен кешке таман. Мүйізінде Қара шыбын отыр еді, Кез болды бір танысы жолда оған (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Қоспажеммен қас-көзім «сүрмеленген», Сақал есіп, сапсияр түрге келген. Шірік сабан, ки мен жем иісі аңқыған Алагөлең қораға кірген ем мен (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).

Жүргізілген тәжірибелерге қарағанда, жүгері собығының өзегі жай сабаннан гөрі малға сенімді де жұғымдырақ екені байқалды (Қ.Құсайынов, Жүгері.).