САЛҚЫН

lat: SALQYN

сын.

1. Жылы емес, суықтау.

Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар, Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар. Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп, Талқан қылып шаһарын алыңыздар (Абай, Тол. жин.).

Ай жарық салқын ауа, күзгі түнде, Ұйықтаған үлкен шаһар жатыр күйде. Жалғыз-ақ тырыс шәкірт кітап ұстап, Есінеп ояу отыр пәтер үйде (М.Дулатов, Шығ.).

Жап-жасыл жаз да жылысып, Сары ала салқын күз келді. Үміт пен қатер ұрысып, Жүз кетіп бастан, жүз келді (М.Мақатаев, Шығ.).

Тапал,салқын, дым, қараңғы, үңгір, тар, Есігімде мықты қара құлып бар. Кіп-кішкене терезелер темірлі, Мұндай үйден кімге естілер ащы зар! (М.Жұмабаев. Шығ.). 

Ызғар. Жатты әкең аттан құлап мерт болып, Күтті ауыл екі көзі төрт болып. Саған тиіп сол бір сәттің салқыны, Көкірегіңді сыздатты ауыр дерт болып (С. Мәуленов, Алыс кет.). /

Таңғы кешкі уақыттар, күннің ысымаған кезі. Көшсем деген салқынмен таң атарда, Жүгін артпай әлі отыр сары атанға. ...Қос қарлығаш тынымсыз жем тасуда, Ұядағы тойымсыз балапанға (М.Мақатаев, Шығ.)

2. Қоңыр салқын, жанға жайлы.

Тұнық кеште Дариғамен бір қыдырған салқын бақ, Көз ұшьшда қала берді, қала берді қол бұлғап.. (М. Шаханов, Ғасыр.).

Өстік біз одан қаншама жыр мен ән тыңдап, Көкірегі оның сарша тамызда салқын бақ. Келеді менің қырық жыл бойы бұл ағам, Жанарында алып жақұтты мұхит жарқылдап (Т. Айбергенов, Мен. ғашық.).

У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал, Есетін солтүстіктен салқын самал, Апырм-ай, қандай жауыз тағдыр деген. Бұйырған тұтқын болып жат та қамал? (М.Жұмабаев, Шығ.).

3. ауыс. Көңілсіз, жақтырмай, ұнатпай.

Мен Асайынмен салқын амандасып, үй шаруасымен айналыса бердім (С.Омаров, Өмір.).

Мұқан оны салқын қабылдап, сәзін тыңдағысы келмейді (Ә.Әлімжанов, Махамбет.)

Қоңырат әдейі салқын көз тастады (Р.Тоқтаров, Ертіс.).

4. ауыс. Бауырмалшылығы жоқ, қатал мінездідам).

Сап, сап қимыл, Сәлден соң бұлғындаса, Бұлт бүркеген жұлдыздай жылмыңдаса.Ақ көйлектің етегі еркеленсе, Киіз басқан Айжан қыз кылмыңдаса. Ер салғанда Елеңдеп қалтыраған, Сәйгүліктей сондайда Қарқын алам. Еріп кетем, елігем төкпе күйге, Сүймес оны Сүймесе салқын адам (К. Салықов, Жезкиік.).

5. ауыс. Араз, жау. Кешегі ақ пен қызыл атысқанда, Жауығып ел арасы болды салқын(Қ.Жапсарбаев. Сөйле.).

Аз сөйлеп, көп тыңдайтын елдің сөзін, Бас иіп, жұма қарап екі көзін. Сабырлы, салқын мінез, сүйкімді жүз, Халыққа борышкердей көріп өзін (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

6. ауыс. Көңілсіз, қызықсыз. Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, салқын, қуыс өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды (Абай, Тол. жин.).

7. ауыс. Өмірден түнілген, үмітсіз. Көп салқын бірін бірі ойына алмас, Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас. Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай, Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас (Абай, Тол. жин.).