lat: SAPA
зат.
1. Белгілі бір заттың немесе құбылыстың басқа бір заттар мен құбылыстардан өзгеше қасиеті, ерекше айырмасы, белгісі.
Әрбір заттың өзіне ғана тән сапасы болады, яғни сапаның өзгеруі сол заттың түбегейлі өзгеруіне апарып соқтырады (Қаз. тілі термин. Тамақ.).
Сиырды қорада ұстап, көк шөппен азықтандырғанда сүттің сапасы аса жоғары болатыны көрінеді (С.Сейітов, Сүт өңдеу.).
Заанен ешкісінің таза қанды тұқымдарынан алып басқа ешкілердің тұқымдарын жақсартып, өнім ссапаларын арттыруға болады (Ш.Жанәбілев, Қаз. мал. атау.).
Атадан жаман болып туған бала Саны бар, сапасы жоқ құлменен тең. Жолдасың кішіпейіл жайлы болса, Ішіңнен жарып шыққан ұлменен тең (Ә.Найманбаев, Шығ.).
2. филос. Заттың ішкі елеулі байланыстары мен қасиеттерінің тұрақты жүйесі.
Сапа табиғаттағы, қоғамдық және адам ойлауындағы процестер мен құбылыстарға тән (ҚСЭ).
Баланың тәртіпті, батыл, өжет және мәдениетті адам болуға ұмтылушылығы оқытушының берген тәрбиесінің сапасына байланысты (С.Көбеев, Шығ.).