САҚАЛ

lat: SAQAL

зат. 1. Еркек адамның иегі мен жағына шығатын түк.

Қоян тыңдап тұра қалды: жүк тартқандар екен. Жағаларын көтеріп, мойындарын бөкебаймен орап, тымақтарын баса киіп алған кісілердің сақал, мұрт, қас, қабағын қырау ұстаған, беттері де әрең көрініп ауыз мұрындарынан бу бұрқырап, аттарын айдап ысқырып, аттары да терлеп, терлері қырауланып бусанып келе жатты (М.Дулатов, Шығ.).

Мақалдың мәні, тек сөзге көрік болуда болса, сақалдың мәні, тек жүзге көрік болуда болса шындыққа ондай нәрселердің керегі жоқ (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Екі иығына ақ бірдеңе жапсырып алған, арда емген құнанның құйрығындай сақалы жылт-жылт еткен бір казак-орыс атып түсіп, аттарын матастыра бастады (М.Жұмабаев, Шығ.).

2.ауыс. Орта жастан асқан не жасы келген ер адам.

Ертесін бай ма, басқа ма,

Бәйбіше, яки тоқал ма,

Тіл тиетін жасқа да,

Тіл тиетін сақалға (М.Мақатаев, Шығ.).

Қарамай сақалыңа, шалдығыңа,

Жарасып тұрушы еді қалжыңым да.

Қарабайдай қатайып алыпсың ғой,

Ата, Сен шыныменен алжыдың ба?! (М.Мақатаев, Шығ.).

Қорықты ма Төленің сақалынан,

Қорықты ма Төле би атағынан.

Қара батыр қылышын қынға салды,

Қуа алмады құздағы жатағынан (С.Мәуленов, Алыс кет.).

3.ауыс. Малдың астыңғы жағы мен иегіне өсетін ұзынша түктері.

Кашмир ешкісінің мүйізі ұзын, иір, жантақ келіп, құлақтары ұзын болады. Түсі ақ, қара күрең, бурыл немесе қара бурылдау болып келеді. Басының екі жақ жаны мен мойнының және сақалының түсі әрқашан да қара келеді (Ш.Жанәбілев, Қаз. мал. атау.).