lat: SEBEP
зат. 1. Бір құбылыстың болу-болмауына негіз болатын жайт.
Үш ай бойы сенен неге хат келмеуінің себебін білдім (Ә.Нұршайықов, Махабб. жыр.).
Картоптың азғындап кетуінің көптеген себептері бар (Б.Шағыров, Картоп).
Жыл толды, айлар айға жалғаса кел,
Жарының келмеуіне бар ма себеп.
Ол жүрді, "Мен далада жүрген кезде,
Ол байғұс үйде күтіп қалмаса", – деп (Т. Молдағалиев, Шақырады.).
2.псих. Адамның қандай да бір әрекетіне, қимылына, мінез-құлқының көрінісіне түрткі болатын құбылыс, жайт.
Себеп деген екінші бір денені қозғаушы, не ол бірдеңе өзгеріс кіргізуші күш. (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Күннің шығуы адамдардың әлеуметтік қатынасына байланысы жоқ, ол себепте емес, салдар да емес. (Ж.Аймауытов, Шығ.).
3. Сылтау, көңілі қаламаған істі орындамауға негіз болатын жайт.
Себеп боп аулымыздың алысы ұдай,
Біз жаққа сиреп жүр ме барысың-ай.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрсің бе аман-есен, арысым-ай? (Қара өлең).
Бабым жоқ, бап табатын шеберім жоқ,
Бір шауып кетерім бар, келерім жоқ.
Аспан мен жерді қосқан қайран айқай,
Бұл күнде үндеуге де себебің жоқ (Ғ. Қайырбеков, Көнсадақ).
4. Көңілі қалаған істі орындауға табылмай жүрген немесе табылған негіз, орай.
Осыны айтуды сылтауратып Қаңтарбайдың ауылына барып қайтуға себеп табылғанына қуанды (Ж.Еділбаев, Түркістан).
Себеп таппай сөнуге, жануға да,
Себеп таппай қасыңда қалуға да,
Жаутаң-жаутаң қараумен аттанармын,
Келмейсің сен шығарып салуға да (М. Шаханов, Ғасыр.).
5. Жағымсыз жағдай, оқиға, құбылыстың туындауына әкеп соқтырған қолайсыз, теріс жайт, кесір.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында, аса қауіпті инфекция ошағы бірнеше адамның өліміне себеп болғандығы анықталған («Түркістан»).
Бұл жайтке қатысты сарапшылардың пікірі әртүрлі. Мамандар теңгенің құлдырауының бір себебін алып-сатарлардың әрекетінен іздейді («Алтын орда»).
Жүйкенің жұқарып, жүйке ауруларына әкелуіне аз ұйықтаумен қатар, жоғарыда айтып кеткен шүкірліктің болмауы, көрсеқызарлық пен астамшылық та себеп болады («Рахмет самалы»).
Көмекей және өкпе рагына тап болушылардың 90 пайызының себебі темекіден («Парасат»).
6. жағымды. Түрткі, негіз, дәйек.
Мені мына жеті себеп Жаратушының бар екендігіне сендірді»,- деді («Рахмет самалы»).
Ол кісі кеткеннен кейін «Қалай кітап жазсам екен, неден бастасам екен?» деп көп ойландым. Әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде кітап жазуға тезірек кірісуіме тағы бір жайт себеп болды («Алтын орда»).
Бесінші, қымбат нәрсе – әдеп деген,
Әдеп деген махаббатқа себеп деген (Ақмолла Мұхамедиярұлы // ХІХ ғ.қаз. поэз.).
Сен туралы дерек жоқ,
Баяндайтын жайыңды.
Жалғыз қайың себеп боп,
Атандың ба, Қайыңды! (С. Мәуленов, Алыс кет.).
7. ауыс. Сеп, жәрдем, қолдау.
Білім – әуелі өзін, сосын айналасындағыларды сондай-ақ Раббысын тануына жол ашатын құрал. Мұнымен қоса о дүниелік болғаннан кейін де кісінің мәртебесінің артуына себеп болатын сарқылмас қазына («Ислам өркениеті»).
Себеп болып жүруге Есқалиға кез келдім (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).