lat: SELDİR
сын. 1. Қалың, тығыз емес, сирек.
Абайдың селдір сұлу сақалы мен мұртына енді сәл ғана ақ араласқан (М.Әуезов, Абай жолы).
Өңі ескіргенмен қойшының селдір шоқша сақалы, бытыранды түкті мұрты әлі күнге қап-қара (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2. Тығыз емес, жұқа.
Ұзақ Ақбейіттегі жиыннан қайтып Таңбалы тастағы өз аулына таман келгенде, маңындағы көпшілік жан-жаққа, ауыл-аулына бытырап тарап кетіп, қасында селдір ғана топ қалып еді (М.Әуезов, Қилы заман).
Өткен жылы құрғақшылық болды, егін шықпай қалды, шөп селдір өсті (Ш.Айтматов, Қош бол.).
Ал, күншығыс жақ терезедегі перде жұқа, селдір. Селдір пердеден сырт көрініп тұратын еді (С.Сейфуллин, Шығ.).
3. Азғантай, ат төбеліндей.
Қазақ адам денесін өлгеннен кейін өлшейді. Ақыреті құрғырдың ақ селдір бөзі табыла бермейді де, азды жеткізем деп қымқыра өлшейді (Ғ.Мүсірепов, Ұлан).
Түтілген түбіттей аумаған селдір бұлттың ар жағында ақырын ғана ай қалыптайды (І.Есенберлин, Айқас).