СЕРПІ

lat: SERPİ

ет. 1. Аяқ не қолды шұғыл сермену, сілтеу.

Аяғымды қатты серпіп қалсам керек, сатыны құлатып алдым (Ө.Ахметов, Адам.).

Қолымды қайырылмастан кеттің серпіп, зырлапты содан бері көп күн өтіп (С.Мәуленов, Жаз ерке.).

Молдарәсіл қарынан ұстаған қолды серпіп тастап, сөзін жалғастыра берді (Д.Исабеков, Тіршілік).

2. Көрпені, дастарқанды т.б. затты ысырып тастау, итеру.

Көрпені үстімнен серпіп жіберіп, орнымнан атып тұрып, далаға жүгіріп шықтым (А.Ғабдуллин, Сарғайған жапырақ.).

Қан қайтқан қанатымдай шинелімді,

Қайыры серпіп, ашып көкірегімді,

Құшып бір тұрғандаймын нақ осы кез,

Назымды, сырымды айтып мен елімді (Қ.Аманжолов, Шығ.).

Қозыке: Сәрсекең алдына жай, Сәрсекең алдына жай! дей берсе керек. Сонда Тәнті мырза дастарханды серпіп жіберіпті (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Ол үстіндегі жұқа жамылғыны серпіп аяқ жағына тастады (Н.Сералиев, Қаңтар).

Апам дастарқан шетін серпіп тастап, қабырғадан виолончельді алып, көкемнің қолына ұстатты (М.Қабанбаев, Арыстан.).

3. ауыс. Жоқ қылу, аластау.

Аждаһадай ақырып

Алдымнан қарсы шапса да

Естімеймін үндерін!

Серпіп тастап түндерін,

Туғызамын күндерін (Үш ғасыр жырл.).

Сергек ой серпе тастап қорқынышты,

Жас жүрек өмір асқан алып ұшты,

Қиялмен қарт Боранды қаға тастап,

Өзінің Нұрланын бір барып құшты (Қ.Аманжолов, Шығ.).

Көңілі әлде неге тарылып тұйықталса, іле-шала бір нәрсе көңілін көтеріп, бір күш серпігендей болады (І.Жансүгіров, Әңгімелер.).

Ойдың бұлтын үстен серпіп тастауға,

Қолға қайта алды істі қуанып (Т.Жароков, Шығ.).

4. ауыс. Самғау, асып-тасу, дандайсу.

Күйді қаққан саусақтан

Шерткен күйді ішектен,

Көкке серпіп кетті күй (І.Жансүгіров, Шығ.).

Святославты ол ерлер

Шалқи, серпіп мақтады,

Игорьдың бірақ оларға

Қылықтары ақпады (С.Мұқанов, Шыңнан шыңға.).

Кей мырзалар серпіп жүр,

Қарны шығып шерпіп жүр.

«Сен солайсың» дегенге,

Тырс-тырс етіп дертіп жүр (С.Дөнентаев, Шығ.).