СЕРПІН

lat: SERPİN

зат. 1. Сыртқа тебетін күш.

Ол су ішіндегі жанталасқан атының серпінінен қорғанып кейін серпілді (С.Бегалин, Уақыт.).

Мың сан тұяқтардың құшырлы серпіндерінен ұшқан қиыршық қар, енді бүкіл өңірді ақ түтін етті (М.Әуезов, Ақын аға.).

Серіппенің серпіні қысқан тиек, сіресіңкіреп барып қата қалды (С.Мұқанов, Б. б. баласы.).

Енді абайласа екеуінің қанат қағыстары да, құлаш сермеулері де, серпіндері де бірдей екен (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).

2. ауыс. Екпін, қарқын, қайрат.

Магнитогорск металшылары майдан тапсырмасын зор серпінмен, қайтпас қайратпен бұлжытпай орындап отырды (С.Мәуленов, Шыңда.).

Үлкен орақ серпіні қазақ жеріне де жетті (Ғ.Мүсірепов, Қаз. әдеб.).

Бұл күйдің өзге күйден үні бөлек,

Серпіні қатты, екпінді сергек, өргек.

Өмірде естімеген бір күшті күй,

Желпінтіп жерді, кетті аспанға өрлеп (І.Жансүгіров, Поэм.).

Орыс кітаптарын оқыған ер қимылы, ерлік серпін өзенді бір қатты сүйсіндіретін бар емес пе? (Абай) (М.Әуезов, Ақын аға.).