ШІЛДЕ

lat: SHİLDE

зат. <лат. julius> 1. Қазақ халқының дәстүрлі күнтізбесіндегі азаматтық жылдың 31 күндік бесінші айы, жаздың екінші айы.

Шілде Қазақстан жерінде жылдың ең ыстық айы (ҚҰЭ).

Шілдеде самал ескенде,

Жайлауға ауыл көшкенде,

Ат-айғырға мінгесіп,

Қыз-бозбала жарасып,

Тереңнен әзілдескенде,

Тісі меруерт тізілген (М.Жұмабаев, Шығ.).

Шілде. Оттай ыстық, күн,

Дала өлік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып,

Жол жыландай иірілед.

Шаң ерініп, үйірілед,

Ешбір леп жоқ, тып-тыныш (М.Жұмабаев, Шығ.).

Бір жаманы теңіз жағасында, шілде айларында маса, сона көп. Қандай малды да жарып тастайтын болғасын, бұл ауыл биыл жаз шыққаннан бері қолдарындағы бірді-екілі қарасын күндіз өріске айдап, Белараның сыртындағы жазыққа жайып жүр (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер).

2. Қырық күндік мезгіл [осыдан 25-ші маусым мен 5-ші тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күнін «үлкен шілде», 25-ші желтоқсанмен 5-ші ақпан арасындағы қыстың ең суық қырық күнін «кіші шілде» деп атап кеткен].

Хадисте қарашамен қаймақшыда,

Шілде тоқсан айында дария қатар (Күдеріқожа).

Халық астрогомиясында «қырық күн шілде» деген ұғым бар. Оны қазақтар «жазғы шілде», «қысқы шілде» деп екіге бөледі (А.Машанов).

Шырылдаса шегіртке шілдесінде,

Бақа шулар өзінің шалшығында (А.Тоқмағамбетов).