ШАБУЫЛ

lat: SHABÝYL

зат. 1. Соғыста жауға қарсы қарсыласты жеңуге бағытталған қимыл-әрекет, ұрыс әрекетінің негізгі түрі.

Әскер қай күні, қай мезгілде болмасын жорыққа да, жолға да, шабуылға да әзір болуға тиіс (Б.Момышұлы, Біздің генерал).

Үлкен командирлер шабуыл кезінде кейінірек жүріп басқарады (Ә.Сәрсенбаев, Теңіз.).

Деревняда жайғасқан жауға шабуыл жасаған партизандар тобы көп адамды тылға жөнелтті (Н.Ғабдуллин, Сар. жапырақ).

2. Біреуге қарсы іс-әрекет, қимыл.

Мына қызықты қараңыз, бір сәт біздің футболшылар жаппай шабуылға шықты (М.Рашев, Бетің қисық.).

Ол Әлімханға қарсы шабуылға шықты (М.Дүзенов, Ант.).

Ендігі шабуылға қасқырдың күйі келмей қаша жөнеліпті (Т.Жақыпбайұлы, Асан ата).

3. Ары-бері шауып, ат сабылтқандық.

Содан тынымсыз шабуылмен күн ұзын салпылдап еңбек еткен жылқышылар көрінеді (М.Әуезов, Әр жыл.).

Исеке, жарықтық, бұл шабуылдарыңа жол болсын (Ж.Молдағалиев, Алғашқы.).

4. экон. Компаниялардың рынокта жетекші орын алу мақсатымен қолданатын баға саясаты.

Шабуыл басталар сәтте тауардың өміршеңдік кезеңі сатысының мәні болмайды (Қаз. тілі термин. Экономика.).