ШАЛҒЫН

lat: SHALǴYN

зат. 1. Қалың өскен көкорай биік шөп, шабындық.

Шұрқырап жатқан жылқының,

Шалғыннан жоны қылтылдап.

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап (Абай, Тол. жин.).

Көк шалғын айналасы, сырты сабат,

Шырайлы Сыр бойының жаз бен күзі.

Тоқсанның толқындатып қатуында,

Көрінер көзге сұлу мұз теңізі (О.Шораяқов, Шайыр.).

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

Самалың салқын жон едің.

Сырдан ауып келгенде,

Жапырылмай шалғының,

Балауса балдыр балғының,

Тимеген ірге соны едің (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

2. биол. Көпжылдық шөптесін өсімдіктердің, негізінен жеткілікті және артық ылғал жағдайындағы астықтұқымдас және өлеңтұқымдастардың басымдығымен сипатталатын белдемдік және интрабелдемдік өсімдіктер типі.

Барлық шалғынға тән оттылық пен шымның болуы. Материктік, жайылмалық, таулық шалғын болып бөлінеді (Қаз. тілі термин. Экология).