lat: SHALQAR
сын. 1. Кең-байтақ, шексіз, шетсіз, үлкен.
Қаратаудың белі бар,
Қай жерінде кемі бар,
Жарастықты қазақ ең,
Малға шалқар көлі бар (Бес ғасыр.).
Жылжы, қайық, толғандырып,
Айдын шалқар көл бетін,
Сәулем, мені ойландырған
Сенің жарқын келбетің (Ауыл кеші).
Талай жылдар айтар сөзім түн қатты,
Бүгін шалқар ел айбыны жырлатты.
Аунап түсіп Ұйқыдағы үш дүлдүл,
Той дүбірін жауына да тыңдатты (К.Салықов, Жезкиік.).
2. ауыс. Көл; айдын.
Кел дейді, өзен дейді, қайнар дейді,
Тұнық су, мөлдір бұлақ сайды өрлейді.
Тұңғиық, тұнба өткел, құдық шыңырау,
Қызыл су, ақ су, көк су, шалқар дейді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Қайран көктем,
Қайран гүл, қайран жазым!
Сарқылған ба, шынымен, сайран-назың?
Айныдың ба шайлығып шалқарыңнан?
Айдынымда қанатын жайған қазым (М.Мақатаев, Шығ.).
3. ауыс. Көп, мол.
Жастық шағым, менің шалқар ырысым!
Шаттығымсың, жанарымның нұрысың.
Арқа сүйер үш шынарым құлады,
Тек сен әзір қасымдасың, тірісің (М.Шаханов, Ғасырлар.).
4. ауыс. Әл-дәрмен, күш-қуат.
Жүректен от, жүзінен әр тайғанда,
Әр тайғанда, шалқары ортайғанда,
Ол қақпасқа не керек, Құдайым-ау,
Тыныштық қып жатпай ма қартайғанда? (М.Шаханов, Ғасырлар.).