ШАМ

lat: SHAM

зат. 1. Жарық көзі шынымен жартылай немесе толық қоршалған аспап.

Шам сөнді, жалаң қабат терезесі,

Қатты қорқып шығыпты байдың есі (Ш.Құдайбердиев, Өлеңд.).

Бар екен сол арада бұзылған там,

Ішінде күңгірттене жанып тұр шам.

Тұрғандай сол уақиға көз алдымда,

Жүрегімде сақталған боламын таң (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Екеуі бізге келді шамын алып,

Бойжеткен екі-үш қызды жанына алып.

Көрісіп, қол ұстасып амандастық,

Оңаша ертіп келді үйіне алып (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

2. Үйді жарық етіп тұратын шырақ, балауыз.

Томсарған, күлкісі жоқ, бір қансыз сұр,

Бір үлкен іс қылғансын асығып жүр.

Аздан деген иісті май тұтатып,

Жаққан шамы жарықта нұр бермей тұр (Абай, Тол. жин.).

3. Қараңғыда үй-ішін, көшені жарық қылатын әртүрлі құрылғылардың жалпы атауы.

Адамзат тарихында шам ерте замандардан бері қолданылып келген. Археологиялық деректер бойынша, сан алуан шамдардың түрлері (шырағдан т.б.), шам астындағы тағандар, май шам қоятын қондырғылар (шамдал) табылған (ҚҰЭ).

Үйреніп қыста тұрар там дегенді,

Үйлеріне жарқырап шам да келді.

Бұрын тек мал өргізіп жүрген халық,

Шөп шауып, егін айдап әдеттенді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Жер қабатын аударып,

Жез сарайы орнаған,

Шақырады шам жағып,

Соқтауылдай сом баған (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Ал, кәне, есің қалса, аңғарып ал!

Ашылды алтын сарай алды бір зал

Арбады, қызықтырды жиһазымен,

Төбеде қызыл-жасыл шамдары бар (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

4. ауыс. Жерге жарық беріп тұратын аспан денелері (жұлдыз, күн, ай).

Жарқылдайды алдымызда:

Аспан - қала, Жұлдыз шамдар.

Бұлт ұқсайды қарлы құзға,

Борандайды күміс шаңдар (С.Мәуленов, Алыс кет.).

5. ауыс. Тірек, сүйеніш, медеу.

Кемпір-шалдың Едіге

Жарқырап атқан таңы екен.

Қараңғы үйдің шамы екен.

Сүйсе сусын қандырған

Едігенің бойында

Бір-екі белгі бар екен. (Бақтыбай ақын, Жел қобыз).

Көзімде де сен барсың, сезімде де,

Жүрегімде бұрқанған сезімде де.

Өзің барсың жалғыз шам, жарық сәулем,

Таңғажайып мендегі төзімде де (Т.Молдағалиев, Шақырады.).