lat: SHARSHA
ет. 1. Денесі дел-сал болып қалжырау, болдыру.
Әр-бері жатты-дағы ұйықтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды (Абай, Тол. жин.).
Әбден шаңырқап, шаршап қалған екен, сусыны қанып бір кенелді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Бағаналы тауым бар –
Басынан дұшпан өтпеген.
Шағалалы көлім бар –
Құс ұшып ылғи кетпеген.
Қанаты талып қарлығаш,
Шетіне шаршап жетпеген (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Иә, кәдімгі ұшан-теңіз арманның
Ұшындағы үш-ақ түйір тал өскен.
Басқа дүние шығып кеткен бәрі естен.
Ұзақ жолдан шаршап келгем,
Жыр жазатын халде емен,
Жындандым ба әлде мен! (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).
2. Мезі болу, ығыры шығу.
Мен одан да бүкіл адам аңсаған,
Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,
Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсаған,
Кез келгеннің бақшасында піспейтін,
Кез келгеннің уысына түспейтін,
Зор махаббат тілейінші мен саған (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Мотордың даусын есіте-есіте шаршадым,
Жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым.
Жабағы үйді ақ жауын түтіп тұрғанда
Отырар ма еді түтінін жұтып аршаның! (М.Мақатаев, Шығ.).
3. ауыс. Ренжу, ашулану, ыза болу.
Жағалап ел шетінде қарсақ жүрер,
Жолынан жаман адам жаңсақ жүрер.
Әйелі ер жігіттің жақсы болса,
Көргенше бірін-бірі аңсап жүрер.
Әйелі кей жігіттің жаман болса,
Күрсініп көрген сайын шаршап жүрер (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Шаршама, шашым ерте ағарды деп,
(Қайратың қан бойыңда қалар жүдеп).
Ақ шаштың ар жағында аппақ миың,
Әжімнің ар жағында соғар жүрек (М.Мақатаев, Шығ.).
Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,
Кезегенді тура атып,
Жырыммен елді жетелеп,
Мойыс жерден төтелеп,
Ағылайын ақпадай (Дулат Бабатайұлы, Замана.).