lat: SHARSHAT
ет. 1. Әлін құрту, діңкелету, әл-ауқатын кетіру, қалжырату.
Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр,
Денемді сауыт-сайман қысып жатыр.
Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,
Енді өзіме шақырдым, ажал батыр (Абай, Тол. жин.).
Шаршатар сені тұрмыстың ауыр жүгі әлі,
Сынықтан басқа, аурудың бәрі жұғады.
Алдамауға да міндеттейді екен ақ неке,
Алдансаң егер оған да өзің кінәлі (Т.Молдағалиев, Шақырады.).
Мен өнердің күрең тайын мінгелі,
Бір дамылсыз жүріп келем ілгері.
Бұрылғам жоқ қыстағына мансаптың,
Қарсы келген толқындарға қарсы ақтым,
Содан, бәлкім, өзімді ерте шаршаттым,
Қазір мені үш топ адам қоршап тұр (М.Шаханов, Ғасырлар.).
2. ауыс. Мезі ету, ығырын шығару.
Қалекең сыры белгілі ғой; барсаң, үндемей шаршатады (X.Есенжанов, Ақ Жайық).
Дел-сал боп тұрғаныңда, сол шақ мына,
Жалт беріп, үркек үміт аңсатты ма?
Жоқ әлде жанбай сөнген бақытыңның,
Бейкүнә сағынышы шаршатты ма? (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Шаршатады сан сұрақ мұңайтады,
Жүнжітеді, қайтадан тыңайтады.
Жетер жерге жеттім бе, жетпедім бе,
Күн айтпаса жауабын кім айтады? (Т.Молдағалиев, Шақырады.).