lat: SHART
зат. 1. Міндет, борыш.
Бірақ (ғибадаттың) екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші үйреніп жеткенше, осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек (Абай, Тол. жин.).
Тек бір шарт болсын:әдебиет һәр қашан тұрмыстан айрылмай, қол ұстасып бірге кетсін («Қазақ « газеті).
Иә, шындықтың ащы даңқы
Шындық үшін жалғыз түстім егеске
Ақындықтың басты шарты –
Басты алса да, шындықты айту емес пе? (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Бет алыпсың, халайық, бұрылмасқа,
Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа.
Бір шартым бар "батырға" қоятұғын,
Жамыраспа, беталды шуылдаспа (М.Мақатаев, Шығ.).
2. Екі және одан көп тараптардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту, тоқтату туралы ерікті келісімі.
Шарт – тауар-ақша қатынастарынын құқықтық нысаны; азаматтар, түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар (фирмалар) мен ұйымдар материалдық-техникалық қамтамасыз ету, күрделі құрылыс, сауда, жүктерді тасымалдау салаларында, қарыздарда, басқа жағдайларда кеңінен қолданады (Қаз. тілі термин. Экономика.).
Шарт – ауызша, жазбаша нысанда не нотариалдық жолмен жасалынады, олардың кейбіреулері мемлекеттік органдарда тіркеуден өткізілуге тиіс (Қаз. тілі термин. Экономика.).
3. Керек, қажет деген мағынада.
Қойды өрбіту үшін, ең алдымен, тиісті жағдай болу шарт (М.Иманжанов, Менің махабб.).
Жаралу шарт па егіз боп,
Туысқа мен де ғашық ем.
Тербеліп кеттім теңіз боп,
Сүйдім де көздің жасымен (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).
Қыз келсе көрші ауылдан,
Көзіне түсіп қалу шарт.
Біліп ап атын жаңылмай,
Жағынушы еді жанын сап (Т.Молдағалиев, Шақырады.).