lat: SHET
зат.1. Заттың бір жақ ұшы, жиегі, бұрышы.
Шетімен алаңның Жығылып... сүрініп... Үйіне ағамның Келемін жүгіріп (C.Жиенбаев, Алтын қалам).
2. Сырт жер, жырақ, оқшау маң.
Кеттіңдер «жат жұрттық» боп жаратылып,
Жанары басқа ауылға қаратылып.
Мен болсам еш дария кұймайтұғын
Көлшік боп қалдым шетте дара тұнып (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.). Т
3. Шек, шекара.
Қараңғы сол түнекте
Ұшан қиян шеті жоқ.
Сол дыбыстан жүрекке
Жатқандай бір жетіп от (С.Мәуленов, Алыс кет.).
4. Жақ, тұс.
Ауызбен айтып жеткізбес
Сәні менен санатын;
Тұнық көлдей толқыған
Тоқсан мың жүзіп қанатын;
Ол шеті бұл шетіне
Тұяқ тозып ат жүрсе,
Құс қанаты талатын (Дулат Бабатайұлы, Замана.).
5. Алыс, шалғай жер.
Ер жігіт шетте жүрген ел сағынар,
Елден соң туып өскен жер сағынар.
Туған жер, өскен халқым орның бөлек,
Сыйласар қырғыздан да ел табылар (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
6. Сырттан келген, шетелдік.
Шет жауға қарсы тұра алмай,
Көтінен қорқып пысқаны
– Жатып ішер жалмауыз,
Борсық тұмсық қанды ауыз
Ұлық қылған кұдай-ай Қазақтан шыққан кәпірді (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы).
7. Дала, далалық жер.
Ол маңда егінсіз шет жоқ па деп қалдым (Қазақ тілі. аймақ. сөздігі).