lat: SHOSHQA
зат. 1. Жұмыр, жуан, сирағы қысқа, өсімтал айыр тұяқты, сүтқоректі хайуан; доңыз.
Ит пен қарға, шошқаға боқ арманда,
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда.
Тамақсыз табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арманда (Ш. Құдайбердиев, шығ.).
2. зоол. Бітімі ірі, жұмыр, аяқтары қысқа, денесі ақ, қара, қоңыр, қызғылт, түстегі қатқыл әрі сирек түкті, бас сүйегі сүйір, ұзын, төменгі жағында жер қопаратын сүйек өсіндісі бар, тұмсығы тақыр жұптұяқтылар отрядына жататын сүтқоректі жануар.
Шошқа өсірудің халық шаруашылығында маңызы үлкен (ҚСЭ).
Жабайы шошқа барлық жейтін азығының шамамен екіден үш бөлігін топырақ астынан қазып жейді (Қазақст. аң байлығы).
3. ауыс. Надан, топас, оңбаған.
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,
Сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке (Абай, Таңд. шығ.).
Ақылсыз мал мен мансап кім екенін,
Сырты – адам, іші – шошқа, сұм екенін,
Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек,
Ұқтырар адамдықтың шына екенін (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Шың, көрінбе көзіме, қуарған! Айуан, шошқа! – деп айдап шықты Алуа Қоңқайды (М. Әуезов, Өскен өркен).