lat: SHUBAR
сын.1. Малдың, жан-жануарлардың т.б. заттардың бір өңкей түс пен теңбіл-теңбіл басқа бір түс араласқан түрі, түсі.
Аттың өзі де денелі, жүнінің шұбары дөп-дөңгелек, үлкендігі бір сомның күмісіндей боп шашасына дейін денесін шұп-шұбар ғып түгел жапқан бір жануар еді (С.Мұқанов, Теміртас).
Мекендер сол араны шұбар жылан,
Қашаннан құс қанына құмар жылан.
Иісін балапанның біліп сезіп,
Келеді жемек болып жылжып бұған (Ө.Тұрманжанов, Менің кітаб.).
2. Шешек ауруынан қалған денеден дағы бар, бұжыр; беттегі безеудің орны.
Шаң басқан шұбар беті аққан терден айғыз-айғыз («Қаз. әдеб.»).
Механикалық цехқа баратындарды қабылдап отырған шұбар бет сары кісі – осы цехтың бастығы (Ө.Қанахин, Дәмелі.).
3. Бұлтты, сұр.
Ертеңгі емес,
Кешегі соғыс қасіретіне шыдармын,
Көгімді қайта торламас үшін шұбар күн (М.Сатыбалдиев, шулайды толқын.).
4.ауыс. Қиын-қыстау.
Атамыз заулатады әңгімені,
Көбі оның кешегі өткен шұбар тағдыр (Ж.Сәтібеков, Даладағы дастан.).
Тізілсе, таусылмас кіл есім,
Шұбар ғой ол кезгі саяси ағым (Т.Әлімқұлов, Боз жорға.).
5. Басқа тілдің сөздерімен аралас.
Көзіңмен көріп іс қылмай,
Сөйлеген жерде тіл шұбар(Х.Ерғалиев, Дәуір дабылы.).