ШЫҢ

lat: SHYŃ

1 зат. 1. Таудың ұшар басы.

Саусақтарым шүріппеге

Бір барып, бір қайтады,

Атпа деп басын

Ала бұлтты шың шайқады (С.Мәуленов, Найзағай жарығы).

Қарлы, шыңды тау жерінде,

Тарбағатай өңірінде

Үзілмейді жылда жаңбыр (Ә.Тәжібаев, Перне).

Шыңдарын Алатаудың жел жайлаған,

Жел емес, қалың қырғыз ел жайлаған.

Желменен, желден жүйрік аңдарменен

Құздардан бірдей орғып, бірге ойнаған (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. Сайдың, шатқалдың терең табаны; құз.

Мені Арланбөрі сендерден ұрлап алып, осы таудың терең шыңына тығып қойған (С.Омаров, Дала.).

Төмен қарасақ, көз жетпейтін шың (А.Тоқмағанбетов, Жыр күмбезі).

3. ауыс. Бір нәрсенің шарықтау шегі, жеткен жері.

Әдебиет шыңдары ешуақытта өзінің алғашқы биік жарқын қасиеттерін төмендетпейді, жеткен дәрежесінен аласармайды (Ғ.Мұстафин, Ой әуендері).

Көркем сөздің тұтастығы мен көздеген мақсаты, дәл мағынасы мүмкіндігінше өсіп, өзгергенін бәрін тұтасымен алғанда ғана көркем сөздің тарихы ең зор шыңынажетуге болады (С.Сейфуллин, Шығ.).