ШЫНЫ

lat: SHYNY

1 зат. 1. Металл емес шикізатты балқытып суыту нәтижесінде алынатын химиялық әсерге төзімді, түссіз қатты материал, әйнек.

Қолданылуына қарай шынылар: құрылыстық шыны, техникалық шыны, сорттық шыны т. б. болып ажыратылады (ҚСЭ).

Шыбын тулап шыныны уата алмас (Маржан сөз).

Сонымен бірге шынының иондауыш сәуледен қорғайтын шыны, жарық өткізгіштігі өзгеріп отыратын фотохромдық шыны, ерігіш шыны деп аталатын түрлері де бар (ҚСЭ).

2. Терезенің шыныдан жасалған көзі.

Аяқ жағында айқара ашылған үлкен терезенің шынысынанай сәулесі құйыла түскен үй іші самаладай көрініп тұр (I.Есенберлин, Ғашықтар).

3. Бөтелке.

Жататұғын жалмауыз жұттан да әрі,

Есіңде ме сұрапыл сұқтанғаны?

Болса талқан, болмаса бір уыс дән,

Бір шыны сүт, ал басқа түк қалмады (М.Мақатаев, Шығ.). 

4. Дүрбі, бинокль.

Көлеңкеге қарай кетелік. Олардың алыстан көретін шынысы болуы мүмкін… Ал біздің неғұрлым байқалмағанымыз жақсы (Ә.Әлімжанов, Жаушы).

5. хим. Балқымаларды аса суыту арқылы алынатын аморфты денелердің жалпы аты [Тұтқырлығының жоғарылығына байланысты, қатты денелерге тән механикалық қасиеттерді көрсетеді және сұйық күйден шыныға ауысуы қайтымды болады].

6. маш. Оптикалық диапазонның қайсыбір саласында мөлдір (құрамына байланысты), қатты, аморфты материал [Шыны түзетін құрауыштар (кремний, бор, алюминий, фосфор оксидтері) мен металдардың (литий, калий, магний, қорғасын және т.б.) тотықтары бар балқытпаның суынуы кезінде түзіледі. Неғұрлым көп тарағаны силикат шыны].

7. тамақ. Кварц құмының ерітіндісінен жасалған мөлдір түсті жұқа зат; фарфордан жасалған шай ыдысы.