lat: SYNSHY
зат. 1. Біткен істі немесе біреуді сынап-мінеуге бейім, кемшілікті көргіш, жінші.
Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой (М.Әуезов, Абай.).
Ата – балаға сыншы. «Атаға тартып ұл тумас, анаға тартып қыз тумас» (С.Сейфуллин, Шығ.).
Екенсің ән салуға сен дағы епті, сен біраз әтеш әнін үйрен!” – депті. Бұл сықылды сыншының сөзін естіп, Көз көрмеске бұлбұл да ұшып кетті (Абай, Тол. жин.).
Демеймін мені мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын (Абай, Тол. жин.).
Көрсетіп бар өнерін болды Бұлбұл
Есекке қарсы қарап қонды Бұлбұл.
Қарап тұр екі көзін айырмастан,
Сыншы не дер екен деп енді Бұлбұл (А.Байтұрсынов, Шығ.).
2. Жазушы шығармасын талдап баға беретін, әдеби сынмен шұғылданушы маман.
Ұшқары кейбір сыншылар әдебиеттегі шеберлікті сөз құрамында деп ұғады (С.Мұқанов, Өсу жол.).
Дариға, сол күндерде күнім қараң...
Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған:
Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған! (М.Жұмабаев, Шығ.).
Залым кісі кірмейді тіпті санға, сынайтұғын бір сыншы табылғанда.
Білімдігің бит шаққан құрлы болмас, тамам күнәң жиылып жабылғанда (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).