СЫҚАҚ

lat: SYQAQ

зат. 1. Әзіл-оспақ; яки кемсіту ретінде айтылатын ажуа, тәлкек; өткір мысқыл.

«Әлде мен туралы айтып, келіншек мені сықақ қылып, күліп отыр ма екен?» деп те ойладым (Б.Майлин, Шығ.).

Абай Құлыншақтың сабырлы сықағына қызығып, күліп жіберді (М.Әуезов, Шығ. жин.).

Байсал айтылған сықаққа шыдай алмады (Ш.Хұсайынов).

Адам ауырлайтын да, ауырламайтын да күлкі бар. Ауыр күлкінің аты - мазақ, мысқыл болады да, жеңіл күлкінің аты сықақ, қулық болады (А.Байтұрсынов, Шығ.).

2.әдеб. Көркем әдебиет пен журналистикадағы уытты, ащы мысқылмен жазылатын жанр.

Соғыстан кейінгі поэзиядағы көрнекті құбылыстың бірі мұнда мысқыл және сықақ жанры өріс алып отыр (М.Қаратаев, Туған. әдеб.).

А. Тоқмағамбетов жазған шығармалардың басым көпшілігі мазмұн жағынан екі жүйеге бөлінеді: бірі үгіт-насихат, екіншісі мысқыл, сықақ (С.Мұқанов, Өсу жол.).

Әдебиет пен журналистикада ел сүйіп, іздеп жүріп оқитын жанрдың бірі сықақ («Қаз. әдеб.»).