СЫРҒА

lat: SYRǴA

зат.1. Әртүрлі қымбат металдар мен асыл тастардан (алтын, күміс, гәуһар, жақұт, лағүл т. б.) жасалған, сән үшін әйелдердің құлағына тағатын зат.

Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөрігі, білек толған білезіктері баршасы да, Абайдың бұл өңірден көрмеген бір сәні сияқты (М. Әуезов, Абай).

Ханның құлақтарында сұлу қыздың ерніне ұқсайтын қейлонның қып-қызыл жақұттарынан жасалған сырғалар (М.Жұмабаев, Шығ.).

Пәренжі үсте бітеу қап,

Бетінде перде шімбеті.

Шімбетінің астында

Гүл шырайлы шын беті.

Желпіне алмай, жамылып,

Быршып тұрған тер беті.

Шаңырақ сырға құлақта,

Мөлт-мөлт еткен меруерті (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. Малдың құлағына бекітетін номерлі қаңылтыр.

Туған күні қозының оң құлағына металдан жасалған нөмірлі сырға тағылады (Қ. Серікбаев, Қастек.).

Мал өлшенеді, сырға салынады, қоңы анықталады (Т.Телеуғалиев, Ет эксперт.).

Жаңа туған әрбір қозының құлағына сырға салып, сол сырғадағы номерді кітапқа тіркеп отыру тағы бар (Б. Қыдырбекұлы, Шайтан.).