lat: TÓMENGİ
сын. 1. Астыңғы, бір нәрсенің астында орналасқан.
Ол екі қабат үйдің төменгі қабатында сізге хат жазып отырған. Біз екінші бөлмеде қаруларымызды тазалап отырғанбыз (Ә.Жылқышиев, Балжанның тандыры).
Бас инженер сөзді бөліп, қарсы алдындағы экранның төменгі тұсындағы көп түйменің бірін басты (Ж.Сахиев, Тіршілік ұясы).
2. Еңісте орналасқан, ылдида жатқан.
Нәсіп жаңа ғана оянып, төсегінен тұрып, төменгі бөлмеге шыққан еді (Д.Әбілов, Баянауыл баурайында).
Ат қойып кеп жоғарғы ел мен төменгі ел,
Судай қаптап «сұлтаным-ай!» дегендер,
Кер тебеге кетпен тиді кешікпей –
Кетті қайтып келмейтұғын кемеңгер (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
Дабылымды есітіп,
«Құмар» дейді көрмекке
Сонау жатқан төменгі –
Астарханның бойында
Он екі ата – Байұлы.
Әлім менен Шөменнің
Мен едім даңқты шайыры (Базар жырау, Шығ.).
3. Төменде көрсетілген, кейінгі. Досмайылдың бар әдепсіздігі жоғарыда жазылған ғана болса, біз елең қылмас едік, оның төменгі сөздері еріксіз жауап бергізеді (М.Дулатов, Шығ.).