lat: TÓZİMDİLİK
зат. 1. Шыдамдылық, көнбістік.
Ақтұмалықтар осы бір егде әйелдің төзімділігіне, сабырлылығына қайран болатын (Ә.Әлімжанов, Махамбет.).
Жұрттың бәрі жас жігітті төзімділігіне, айтқан әңгімесіне қатты риза болды (Т.Әбдіков, Күзгі жапрыақтар).
Ойпырай десеңші, сендегі төзімділікті, байсалдылық пен сабырлықты, тіпті ақыл-ойды маған берсе ғой (О.Бөкеев, Өз атыңды өшірме).
2. тех. Сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен немесе ұзақ уақыт сақталғанда материалдардың, аспаптардың белгілі бір қасиеттерін жоғалтпау қасиеті; беріктік, мықтылық.
Төзімділік – сыртқы ортаның жағымсыз әсері кезінде немесе ұзақ уақыт сақтағанда белгілі бір қасиеттерді жоғалтпауға бейімділігі (Қаз. тілі термин. Химия).
Темірдің хром, молибден, кремний элементтерімен біріккен түрі, болаттың қаттылық, серпімділік, төзімділік сапасын арттырады («Білім және еңбек»).
Осы қасиеттер төзімділігі жоғары табиғи талшықтар алу үшін шикізат материалы болып табылатын мезофазалы шайырлар алуға болады деген сөз («Зерде»).
3. <лат. tolerantia> Түрдің қандай да бір экологиялық фактордың ауытқуына, ағзаның белгілі бір заттың, удың жағымсыз әсеріне шыдамдылығы.
Фактордың экологиялық минимумы мен максимумы арасындағы ауқым төзімділіктің шегін құрайды. Төзімді организмдерге қоршаған ортаның қолайсыз өзгеруіне өте тұрақты түрлер жатады (Қаз. тілі термин. Экология).