lat: TÚNDİK
зат. этн. Киіз үйдің шаңырағын жауып тұратын, жаңбыр өткізбейтін, күн түсірмейтін төрт бұрышты шағын киіз.
Баламды бесігіне бөлеп, шамды сөндіріп, түндікті жауып, сырттағы отымды шық-шылам тиіп, су болмасын деп тоқым-соқыммен қымтап, көрпеге кірген соң, енемнің ұйықтағанын естіп барып, дынымды шығармай, сығылып кеп жылайын (Ә.Кекілбаев, Құс қанаты).
Төрт бұрышына бау тағылып, сол баулармен үйдің белдеуіне байлап қояды. Түндікті түнде жабады да, күндіз жарық түсуі үшін ашады, ал жауынды күні түтін шығып тұруы үшін бақанмен бір шетін көтеріп қояды (ҚҰЭ).
Есіктері түрілген,
Түндіктері жабулы, –
Қатар-қатар тігілген,
Қарашы үйлер кәдімгі (С.Жиенбаев, Алтын қалам).
Бес-алты үйлі ауылдың түндігі тегіс жабық (М.Әуезов, Шығ.).
Түндік жабық, от жарық, үйге сәуле кірмейді (М.Жұмабаев, Шығ.).