ТҮП

lat: TÚP

зат. 1. қоймаларының астындағы жер қабаты.

Мұхит пен теңіз түбінде адам көрмеген әр түрлі балықтар мен жануарлар өмір сүреді екен (Қ.Қайымов, Қызықты зоол.).

Бақа, бақа, бақасың.

Су түбінде жатасың.

Су түбінде жатпасаң

Құрда арам қатасың (Ө.Тұрманжанов, Бозша.).

2. Бір нәрсенің төменгі, ішкі қабаты.

Үйдегі абдыраның түбінде әкемнің суреті бар (Ш.Құмарова, Қос шынар).

Май-май ұзын қолғабын ол

Жататын сандық түбінде,

Көргенде үнсіз тұрады

Томсара қарап бүгін де (К.Ұябаев, Өтеді жыл.).

3. ауыс. Түкпір, шет.

Сәрсен мен Шынтас түп жақтағы кішілеу бөлмеге кірді (Т.Ахтанов, Дала сыры).

Бригадир арғы түптен айқай салды (С.Ерубаев, Менің құрдастарым).

Қораның түп жағынан Сәуле шығады (Т.Ахтанов, Дала сыры).

4. Ағаштың, шөптің т.б. өсімдіктердің жерге кіріп тұрған бөлімі.

Сарыарқаның белінде,

Ырғыздың құба дөңінде,

Жусанның түбін кемірген,

Бұйырғын жеп семірген,

«Жүйрікпін» деп елірген,

Құлағын тігіп елірген,

«Жан жетпес» деп шелірген,

«Кер құлан» деген аң болар.

Аунаған жері шаң болар (Базар жырау, Шығ.).

Түбіне барып жаттым бір топ шидің,

Жан тәтті, ала берсін, шөпті қидым.

Айтқанын Нұрғалықтың істеймін деп,

Қылығын маған қылған ішке түйдім (К.Әзірбаев, Шығ.).

Бақша егетін жер сайлап,

Томардың түбін қопардым (О.Шипин, Туған жер.).

5. Өсіп тұрған өсімдіктің, бұтаның әрбір данасы, шоғыры.

Қырық шақты түп қарағаш, сол қарайлас жиде мүлгіген қыстаудың ашық аландай, қылта бұрылыстарын сүзіп, тінтіп шықты-қаралы көрінген жоқ (А.Сүлейменов, Бесін).

Міне мына бір жерді қазып тастапты, содан соң түп тікенді айналып өтіпті де, тауға қарай беттепті (М.Мағауин, Ақша қар).

Көркейтіп көрсеткенмен жоқтың бәрін, Мақтанып айтарың тек бес түп талың (Айтыс).

Қарашы, апа, бүгінгі әсем түн қандай,

Аспан бізге жұпар шашып тұрғандай.

Бақшада да өзгерістер бар жаңа.

Пісіп қапты мына бір түп алма да,

Деді қызы, қос бұрымын сипалап,

«Солай ма», деп ойға шомып қалды ана (М.Шаханов, Ғасыр.).

6. ауыс. Бір нәрсенің жаны, қасы.

Арбаның түбінде Алтынгүл сиыр сауып отыр (Б.Майлин, Шығ.).

Біздің совет әскері Сталинград түбінде үлкен жеңіске ие болды (Ә.Шәріпов, Қапаста.).

Дәулеткелді мен Қоскелді атарды дайындатып, кешегі ақ қайыңның түбінде тосып тұрамыз деп кешті (М.Әуезов, қараш-қараш оқиғасы).

Жақындап келед ол күн де,

Жеңіс тойы тойланар,

Сталинград түбінде,

Өзіне жау ор қазар (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

7. ауыс. Шыққан тегі, негізі.

Үріп салған қу қарын,

Дарияға батпайды.

Түбі туыс байтақ ел

Бірін-бірі сатпайды (Базар жырау, Шығ.).

Туысы бірге кетпейді,

Түбі бірге түтпейді (Қаз. мақал.).

Түгел сөзінің түбі бір, түп атасы Майқы би деген мақал болған (Абай, Тол. жин.).

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар

Өтірік, өсекті бір жола қойыңдар (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

8. ауыс. Ақыры, тоқтар жері.

Ие, жер жұтпас, түбі бір келер (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең).

Түбі бастық мен болатынымды біледі (Ә.Тарази, Асу.).

Түбі өзінің мешітіне тиетін ел болған соң, қазір бірден салық жағынан да қан қақсатып отырған жоқ (І.Есенберлин. Қаһар).

Тамшыдан теңіз молайып,

Тарыдай тастан зорайып,

Бірігіп үлкен тау болмақ

Аз сөзден шатақ молайып,

Бара-бара зорайып,

Ұлғайып түбі дау болмақ (Қабан жырау, Алтын қазық).

Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де

Менің ана тілімде.

Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,

Қазақ болып өлген жақсы түбінде (Т.Молдағалиев, Шақырады.).