ТУҒАН

lat: TÝǴAN

зат. Туысқан, туыс, ағайын, жекжат.

Ойладым туғанды,

Бір өзіңе бас ұрдым.

Жалғыз сенен айырылып,

Артыңа қарай аһ ұрдым бай, Тол. жин.).

Ақ қайыңдар, көк теректер, тыңдаңдар,

Жеңешелер, қарындастар, туғандар,

Көрініңдер, қарсы алдымнан шығыңдар (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Не қылсам да түспеді

Уысыма қуғаным,

Жібермеді, күштеді,

Жақын бауыр туғаным (М.Жұмабаев, Шығ.).

Көрісу жырлары сүйіктісімен, туғандарымен, достарымен, қадірлі адамымен кездескенде, туған жерге оралғанда, аталастарымен қауышқанда және т.б. жағдайларда айтылады (Х.Досмұхамедұлы).

// Бірге туған, туыс болып келетін.

Шырағым қанша десе де

Көңілі күлмес ашылып.

Өкси беред Мұсабек,

Туған апа Күністің

Иығына асылып (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Кең дала тартушы еді кеңдігімен,

Туған жұрт сүйіндірді елдігімен (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

«...Сізге ғашық екенімді бүкпесіз айтқым келеді. Мен ешқашан және ешкімге де, тіпті туған ағама да осындай сезіммен елжірей берілген емеспін...» (М.Шаханов, Ғасырлар.).

«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,

Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?

Ойласаң, барша адамзат туған бауыр,

Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

// Етене, туып-өскен, орналасуы бойынша жақын.

Аспан мен жердің арасын

Келеді шарлап құс аппақ.

Өзінің туған даласын

Жас жігіт отыр құшақтап (C.Жиенбаев, Алтын қалам.).

Көзімді жұмып, төсегіме жатып ап,

Ойлансам бір, туған ауыл, атырап

Алдыма кеп, тұра-тұра қалады (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Туған колхоз тұлпарын

Берсін маған сеніммен.

Аямаймын күшімді

Туып-өскен елімнен...» (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Сүйдім мен сені туған мекенім деп,

«Соры бар» сор топырақ шекерім боп,

Жаныңда жүріппін де, біліппін бе

Қойныңда бай қазына екенін көп?! (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).

Туған ұяға сол жолғы сапарда, тау басындағы тасқа қашалған қадым сурет түбінде жаңа бір әлем ашқан кенже балам (М.Мағауин, Мен).