lat: TİZİM
зат. 1. Адамның, мал-мүлік, дүниенің қағаз бетіне рет-ретімен жазылған аты.
Торғайдағы крестьянский начандігі, уез начандігі, солдат бастығы болыс-болысқа адамдарын әкелетін сөзін кесіп айтып, тығыз бұйрық таратты. Ең алдымен Торғай қаласына жақын тұсын, шұбалаң болыстарынан алмақ болып, болыстарын қалаға шақыртып, тізімдерін жасатып: «Июльдің 20-нан қалдырмай адамдарыңды тапсырыңдар», деп елдеріне жіберді (М.Дулатов, Шығ.).
– Бір күні сайлаушылардың тізімін қарап отырсақ, Анна Николаева деген әйелдің туған жылы 1827 екен (С.Мұқанов, Саяхаттар).
Үй ішіндегі нәрселерді ортаға үйіп тастап, тізім жасап жатыр (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).
2. Қоршаған орта.
Олардың қазіргі әлеуметтік жағдайы, өмір сүріп отырған тізіммен қатынасы хақында Саид бек берген мағлұматтар сөзсіз маңызды болар еді (М.Шоқай, Таңд.).
3.инф. а) объектілер тізімі;
ә) өзара логикалық түрде байланысқан жазбалар тізбегі (тізім элементтері) болып саналатын мәліметтер құрылымы; реттелген жиын элементтері немесе мәліметтердің құрамды түзілістері болып саналатын мәліметтер түзілісі;
б) оң жақ шетінде бағыттауыш жебелігі (б) бар, берілген мәліметтер тізбесінен олардың бір (немесе бірнеше) нұсқасын таңдап алуға мүмкіндік беретін терезе элементі.
Тізім көп элементті құрылымнан тұрады, оның кез келгенін қалауымызша таңдай беруге болады, оған элементтер қосуға немесе қысқартуға да мүмкіндік бар (Қаз. тілі термин. Информатика.).