ТАБАКАТ

lat: TABAKAT

(Көпше түрі табака, “топ". "дәреже", "ұрпақ") "ұрпақтар өмірбаяны", белгілі бір мерзім кезеңінде өмір сүрген адамдар. Ибн ас-Салахтың (1181-1245) мұхаддисі бойынша бір "дәрежеге" бір-бірімен ұқсас (әл-каум ал-муташабихун) адамдар біріктіріледі. Сонда табакат бірін-бірі алмастыратын адамдар "дәрежесі” мен “ұрпағының” жиынтығы болып шығады.

Араб тарихнамасы бойынша табакат өмірбаяндық жанрдың айрықша тармағы. Онда материалдар ерте кезеңдегі ұрпақтардан бастап, соңғыларына дейін қамтитын хронологиялық тәртіп бойынша орналастырылады (Мұхамметдің серіктер асхабтар ұрпағынан бастап, олардың шәкірттеріне қарай тізіледі т. б.) Аймақтық ерекшеліктер де сақталып отырды: материалдар қала, жекелеген елді мекендер және халифаттың шет аймақтары бойынша (кейде әлемдегі бүкіл ислам шеңберінде) тізілген. Табакатқа қатысты әдебиеттер хадистез туралы ғылымның сұранымын қанағаттандыруға бағытталды. Ол иснадтық тізбектің негізін анықтау үшін қажетті анықтамалық рөлін атқарды. Өте ертеде жазылып, қазіргі заманға дейін жеткен табака тұрпаттағы шығармалардың бірі Ибн Саданың (784-845) Китаб ат-табакат әл-кабир деген еңбегі. Онда хадистерді бірден бірге ұластырушы (асхабтардан бастап) 4250 адамның есімі аталады.

Исламның ертеректегі кезеңінде табакат негізінен хадис білгірлеріне және хұқық танушыларға арналды. Мәдени және ғылыми дамудан туындаған сұраныс мөлшері түрлі мамандық пен білім бағытында еңбек еткен ақындар, әдебиетшілер, хатшылар, уәзірлер, тіл мамандары, дәрігерлер, даналар, уағызшылар, Құранды жаттаушылар, факихтер, сопылар т. б. ұрпақтары жөнінде хронологиялық сериялар шығара беруге әсерін тигізді.