ТАМАҚ КОНЦЕНТРАТТАРЫ

lat: TAMAQ KONSENTRATTARY

Пісіріліп, кептіріліп дайындалған тамақ өнімдері. Мұндай тағам түрлерінің ассортименті көп болғандықтан оларды дайындау тәсілдерінің де, пайдаланылатын жабдықтар түрлерінің де көптеген түрлері бар. Бұларды өндіру үшін алдымен шикізаттар мен жартылай дайын өнімдерді өндіріске дайындап, содан соң оларды технологиялық өндеуден өткізу қажет. Тамақ концентраттарының негізгі құрам-бөліктерінің бірі болып пісіріліп-кептірілген жармалар есептелінеді. Қазіргі кезде өндіріс орындарында шығарылатын тағам концентраттарының құрамдарында болатын жармалар бөгде қоспалардан сепараторларда тазаланып, өлшеніп, жуу машинасының қабылдау шанағына беріледі. Жуылған дәндердің сыртындағы ылғал су болу қондырғысына түсіп ылғалдылығы 14-15%-ға төмендейді. Ары қарай жарма қайнату қазанына түсіріліп пісіріледі. Пісірілген жарма таспалы кептіргішке беріліп, құрғақ ауа көмегімен кептіріледі. Кептірілген жарма ары қарай арнаулы сыйымдылықтарға түсіп қажетті құрам бөліктермен араластырылады. Тамақ концентраттары қолдануға дайын немесе аз ғана термиялық өңдеуді қажет ететін тамақ өнімдері болып табылады. Оның ерекшелігі - ылғалдылығының төмен болуы (4-12%), тағамдық заттардың жоғары концентрациясы және жоғары сіңімділігі. Тамақ концентраттарының сапасы төмендемей ұзақ мерзім сақталады. Тамақ концентраттарының құндылығы 100 г өнімге шаққанда 330-550 ккалды құрайды.