ТАНЫС

lat: TANYS

сын. Көптен білетін, танымал.

Абай өлеңінің ішінде парсы, араб тілдерінен кірген сөздер көп, бірілі-жарымды орыс сөздері бар. Шет тілдерден кірген сөздердің көбі қазаққа таныс емес, жат сөздер. Солай болған соң бұл сөздер оқушыларға онан жаман қиындық беретін еді (Х.Досмұхамедұлы, Таңд).

Сол уақытта желге құлақ түргейсің,

Таныстарды еске алып, тергейсің.

Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы

Желге айналған мен екенім білгейсің! (М.Жұмабаев, Шығ.).

Жәмилә. Қаламызда қызмет қылып тұрды да, Біздін, жақпен таныс болған жайы бар. Сондықтан ол кез-келгенде сөйлесіп, Тек әншейін, шығарып сап жүреді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Уға толы жас жүрегім, жабықтым,

Таныс дауыс ести алмай зарықтым.

Не дегенін, не істегенін біле алмай,

Қор болдым ғой, азат жүрген халықтың! (М.Жұмабаев, Шығ.).

Байтұрсынов, Алдияров, Сейдалин, Бөкейханов, Дулатов, Қасабұлатов, Шәкәрім докторлар... Жазбасын, олардың сөзі бізге керек емес», дейді. Бұлардың көбімен таныс болмаған соң, олардың оқуын, ғылымын, кәсібін сөгеді (М.Дулатов, Шығ.).

Тек отырмай, атыңды алысқа айда,

Партия жағаласқан жарысқа айда.

Жердің жүзін жеңіп ал жанды салып,

Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?.. (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Зейнеп. Мұның не, Ержан, неге күрсінесің, құдай менің қайғымнан сақтасын... Ержан. Күрсінбей қайтейін, сенімен танысқаныма екі ай болды, содан бері ояу болсам ойымнан, ұйықтасам түсімнен кетпейсің. Ынтығым саған күннен күнге күшеюде, міне, енді жүрегімнің жұмбағын бүгін саған шешкелі отырмын (М.Дулатов, Шығ.).