ТАЗА

lat: TAZA

сын. 1. Лас емес, кірсіз; тап-тұйнақтай, мұнтаздай.

Адам баласына сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей,таза кимек бәрі дұрыс іс (Абай, Шығ.).

Таза сыпырылып,таза жиылған оңаша үй Абай көңілін көтеріңкі етеді (М.Әуезов, Абай).

Менің қарамағымдағы жұмыс істейтін шебер мыналар туралы ант-су ішуі керек: 1) ол өмір бойы бес уақыт намазын оқыған және бір рет те қаза жібермеген; 2) ешқашан шариғатқа сай дәрет алмай қара жерді баспаған және және ешқашан жамандық ойламаған; 3) ешқашан зинақорлық жасамаған және әрқашан таза жүрген (Досмұхамедұлы).

Бар екен таудан аққан таза бұлақ,

Түк ел жоқ маңайында қылған тұрақ.

Жағалай біткен ағаш жапырақты,

Жайқалып күн мен желден тұрған қорғап (М.Дулатов. Шығ.).

2. Қоспасыз, нағыз; табиғи, жасанды емес.

Адал еңбек,ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын (Ш.Құдайбердиев. Шығ.).

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім (М.Жұмабаев. Шығ.).

Айтамын мұны жастарға,

Таза арақ ішкен мастарға,

У ішіп, қулық жинаған,

Айтпаймын қуыс бастарға (Ш.Құдайбердиев. Шығ.).