ТЕКТІ

lat: TEKTİ

с ы н. 1. Шыққан тегі бір, нәсілдес. Сәкеннің қарашығы үлкен, кірпігі ұзын көзі дөңгеленіңкірей біткен, қастары қалың, бет сүйегі шығыңқылау болғанмен келбеті монғол т е к т і л е р д е н гөрі Кавказ тектілерге ұқсаңқырайды (С.Мұқанов, Есею жыл.). Ақырында бұл медресе де бұрынғы қазақ т е к т і л е р секілді әулиелік сатып жүрген сарт пен қожаның пайдасына қалмай ма? Мұны да ойларға керек (М.Дулатов, Шығ.). 2. Тұқымы бір, тұқымдас. Ол қой, ешкі т е к т і малдардың жаңа тұқымдарын өсіру жолындағы ғылымның докторы (С.Бегалин, Уақыт.). Мен бұл арқар т е к т і жаңа қой тұқымының қалай өркендеген тарихына тоқталмаймын (С.Бегалин, Уақыт.). 3. Тегі, шыққан жері жақсы (кісі). Қыз іздесең, қалың бер, Мұным ақыл болмай ма, Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң т е к т і н і, Сонда да көңіл толмай ма? (Абай, Тол. жин.). Бәсекеге аталы ауылдардың бәрі де ит қосыпты, мынауы былай, анауы олай дейтін ештеңесі жоқ, шетінен т е к т і ауыл (Ә.Кекілбаев, Дала.). Жалпы жүйріктің т е к т і кісі тәрізді тұрақты мінезі болады (С.Бақбергенов, Қарға там.).